ОҚО-да жаңа оқу жылында 611 мың оқушы білім алады. Бұл мәлімет өңір басшысы Б.Атамқұловтың қатысуымен өткен «Білімді ел-мәңгі ел» тақырыбындағы облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде айтылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференция барысында жаңа 2016-2017 оқу жылына қойылған міндеттер мен мақсаттар баяндалған. Айта кетейік, өткен оқу жылында облыста 584 мыңнан аса оқушы білім алса, ал 2016-2017 жаңа оқу жылында 611 мың оқушы білім алады деп күтілуде. Биылғы жылы облыста Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 мектептің есігі оқушылардың алдында ашылатынын мәлімдеген өңір басшысы 2016-2019 жылдар аралығында 177 мектепке дейінгі білім ұйымдарын ашу жоспарда екенін айтып өтті.
Педагогтар кеңесі кезінде білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен ерекшеленген Жанар Мұстафаева, Муккарам Тургуноваларға 2 бөлмелі, ал Бағлан Баймахановқа 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Сондай-ақ бірқатар ұстаздар министрліктің және облыс әкімінің алғыс хатымен және «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төс белгісімен марапатталды.