Бүгін Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтау үшін жүздеген адам «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңға жиналды. Жиналған қауым спортшыларды «Алға, Қазақстан!» ұранымен және қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Елорда тұрғындары мен қонақтары қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады. Алтын, күміс және қола жүлде иегерлері «Бәйтерек» монументінің жанына екі қабатты автобустармен келді.
– Қайырлы күн, құрметті жиналған қауым. Сіздердің қолдауларыңыз үшін рахмет. Мұхиттың ар жағында болсақ та, қолдауларыңызды сезіндік. Ұйқыларыңды төрт бөліп, қолдау көрсетіп, жанкүйер болдыңыздар. Біз оны өте бағалаймыз, құрметтейміз. Біріншіден, осындай жетістікке жетуде бізге қолдау көрсеткен Елбасымызға рахмет. Басқа да басшыларымызға, көмек көрсеткен Тимур Асқарұлына рахмет, еліме, халқыма рахмет. Команданың атынан алғыс айтамын, – деді бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов.
Төрт жылдықтың басты бәйгесінде жүзуден алтын еншілеген тағы да бір спортшы Дмитрий Баландин да өз ризашылығын жеткізді.
«Бүгін бізге қолдау көрсету үшін келіп отырғандарыңызға рахмет. Риода сіздердің қолдауларыңыз сезілді, соның арқасында осындай жетістікке қол жеткіздік. Үлкен рахмет!».
Ауыр атлетшілер Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов пен күміс жүлде иегері Жазира Жаппаркүл де халыққа алғысын білдірді.
Қала тұрғындары мен қонақтары олимпиадашыларды құттықтап, қолтаңбаларын алды, естелікке суретке түсті. Шара соңында спортшылар кабриолетпен Астананың басты көшелерімен жүріп өтті.