Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» ипподромында Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы үшін Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыстар басталды. Жарысқа Қазақстан мен Қырғызстаннан 180-нен астам сәйгүлік қатысуда.
Бәйгенің ашылуында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов жарыстың Конституция күніне арналып отырғанын, мұндай шаралар саламатты өмір салтын насихаттауға, қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртуға септігін тигізетінін атап өтті.
— Ардақты ағайын! Біз ежелден ат құлағында ойнап, желмен жарысып, сәйгүлік баптаған елдің ұрпағы екенімізді мақтан тұтамыз. Бүгінгі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығар сәйгүліктерге үміт артып келген барлық атбегілер мен шабандоздарға жеңіс тілеймін, — деді А. Баталов.
Жарыс бағдарламасында 5 шақырымға тай жарысы, 11 шақырымға құнан бәйге, 16 шақырымға топ бәйге, 9 шақырымға жорға аттар жарысы, 25 шақырымға Аламан бәйге және көкпар тартудан жарыстар өтуде. Сонымен қатар бағдарламада теңге ілу, қыз қуу, көкпар және аударыспақ ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер бар.
Аламан бәйгенің бас жүлдесіне Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы мен жол талғамайтын автокөлік, бәйгенің басқа түрлеріне жүлдеге жеңіл автокөліктер мен ақшалай сыйлықтар тігіледі.