Домой Жаңалықтар Қоғам ОҚО-дағы ұлттық парктен қаңлы тайпасына қатысты тың жаңалық табылды

ОҚО-дағы ұлттық парктен қаңлы тайпасына қатысты тың жаңалық табылды

ОҚО-дағы ұлттық парктен қаңлы тайпасына қатысты тың жаңалық табылды

ОҚО-дағы ұлттық парктен қаңлы тайпасына қатысты тың жаңалық табылдыОңтүстік Қазақстан облысындағы «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі аумағынан 2 мың жылдық тарихы бар көне қаланың орны табылды, деп жазады  24.kz.

Археологтар аршып алынған жәдігерлер тарихы аз зерттелген қаңлы тайпаларына тиесілі деп отыр. Бір қызығы, қазба жұмыстары жеке кәсіпкердің қолдауымен жүргізіліпті. Археологтар көпшіліктің көзінше топырақ астында көміліп қалған қол орақты аршып алды. Қаншама ғасырлар өтсе де темір бұйым қаз қалпында сақталыпты. Тіпті жүзі де қайтпаған. Оны жауынгерлер әртүрлі зат кесу үшін қолданған. Бөлменің тағы бір бұрышынан қайрақ тастан жасалған қол диірмен де шықты.

«Тарихшылар бұл жәдігерлер көшпенді халықтың аңшылықпен қатар егіншілікпен де айналысқан деп айтуымызға толық негіз бола алады», — дейді. Александр Подушкин, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры: — Біз қаңлы заманына тиесілі ең үлкен ғимараттың орнын таптық деп айтуға болады. Мынадай диірмен жалпы бұған дейінгі қазба жұмыстары кезінде еш жерде кездескен емес. Ал ең негізгісі оның қасындағы қол орақ болып тұр. Бұл жердің табиғаты өте қатал. Қысы алты айға созылады. Соған қарамастан жұрт бидай егіп, оны жинап, ұнтақтап тартып алған. Бөлмедегі қыш құмыралар мен ошақ пештің орны анық көрініп тұр. Үйдің іргесі таспен қаланып, еденіне қиыршық тас төселген. Көне бұйымдардың арасында жебенің ұшы мен түрлі аңдардың сүйегі, тіпті маралдың мүйізі де бар.

«Ескі қалашық біздің дәуірімізге дейін және осы ғасырдың бас кезінде өмір сүрген тарихы аз зерттелген Қаңлы тайпаларына тиесілі», — дейді мамандар. Александр Подушкин, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры: «Бұған дейінгі жүргізілген қазба кезінде дәл осындай үлкен қалашықтың орны табылған емес. Бұл қаңлы тайпасына қатысты тың жаңалық деуге болады. Көшпенділер туралы тек Қытай жазбаларында кездеседі. Оның өзі шағын ғана. Жәдігерлер тарихтың айқын дәлелі бола алады», — дейді. Айналасын Тянь-Шань таулары қоршап тұрған табиғаты әсем Өгем шатқалында осындай көне қалалардың орны өте көп. Бір қызығы, қазба жұмыстары жеке кәсіпкердің қаржылай қолдауының арқасында жүргізіліпті. Іскер азамат қалтаға түсер пайдасы болмаса да, табылған құнды жәдігерлер ұлы дала тарихының көкжиегін кеңейтетініне сенімді. Владимир Бысов, «Спектр» өндірістік компаниясының басшысы: «Менің өзім 80-жылдары археологтар үйірмесіне қатысқанмын. Қызығушылығым сол кезден бар. Ғылымға қолдан келсе көмектескен жақсы, әрине. Өйткені бұл — күллі қазақ елінің тарихы. Археологиялық топ жетекшісі «тұрғындар қаладан үй-жайын тастап, аяқ астынан көшіп кеткен болуы мүмкін», — дейді. Өйткені бөлмедегі ыдыс-аяқтардың бірлі-жарымы болмаса, басқасы сол күйі сақталған. «Оған тайпалар арасында жиі орын алып тұратын соғыс та сеп болуы мүмкін», — дейді ғалым.  Өгем шатқалындағы үш бас төбеде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар қазір ортаң белдегі қалашық орнын қазып үлгерген. Ол жерде, мамандардың сөзіне қарағанда, ру не тайпа көсемдері тұрған болуы мүмкін. Ал сол жақ беткейдегі жазықта қарапайым адамдар тұрған, яғни сауда-саттықтың қызған ортасы болуы мүмкін. Болашақта бұл жерлерде де қазба жұмыстары жүргізіледі. «Ал негізі үш бас төбенің ең биік жері қарауыл төбе болған болуы мүмкін», — дейді археологтар. Өйткені бұл жерден айнала алақандағыдай көрінеді. Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін көне қалашықтың орнынан аршып алынған жәдігерлер қайта қалпына келтіріліп, орталық мұражайға өткізіледі. «Бұл Қазақстан тарихы үшін тағы бір жағымды жаңалық болмақ», — дейді мамандар.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here