Астанада 2016 жылғы 5 қыркүйек пен 10 қазан аралығында инженерлік желі тарту жұмыстарына байланысты Қабанбай батыр даңғылының № 31 көшесінен Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі бөлігінде жол қозғалысы шектеледі, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Бұл ретте қалалық қоғамдық көлік маршруттары өзгереді.
– Автомобиль жолдары басқармасы бас мердігер – «Найза құрылыс» концернімен бірлесіп Қабанбай батыр даңғылының №26 көшеден әуежайға апаратын айналма жолға дейінгі бөлігін қайта жөндеу бойынша жобаны қолға алды. Қазіргі кезде инженерлік желі тарту және су бұру жұмыстарын жүргізу үшін Қабанбай батыр даңғылының жобалық атауы № 31 көше мен Хусейн бен Талал көшесінің қиылысын жабу қажеттілігі туындап отыр, — дейді Астана қаласының автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сымбат Мырзағұлов.
Жобаны түзету қорытындысы кешіктірілген соң және материалды жеткізуге тапсырыс кеш орналастырылғандықтан жұмыстарды жүргізу мерзімі кешіктіріліп жатыр.
Елордалық полицейлер жүргізушілерге жөндеу жұмыстары кезінде маршрутты алдын ала жоспарлау керегін ескертеді.
– Жол қозалысын ұйымдастыру өзгереді. Жүргізушілер жүру бағдарларын алдын ала жоспарлауы керек, келу уақыты айтарлықтай өзгереді. Қабанбай батыр жабық болатындықтан, қаланың маңызды проблемаларын шешетін екі көлік магистралі ғана қалады, олар – Орынбор к-сі мен Тұран даңғылы, – дейді Астана қаласының ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Елжан Чупеков.