Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасқан дарынды балаларға арналған үш тілде білім беретін №2 Қарғалы арнайы гимназиясының бірінші сынып оқушыларының оқуға қабылдау емтихандарынан өткендігіне қарамастан, аталмыш гимназияға қабылданбай қалғандығы жайында ақпарат таралған болатын. Бұл мәселенің орын алғандығы рас. Мектеп басшылығы бұл мәселені қабылданған оқушылар санының мектепте білім алуға шақталған оқушылар санынан артық болып кеткендігімен түсіндіруде.
Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлованың хабарлауынша, ағымдағы жылдың тамыз айының басында облыстың білім басқармасы мектеп жасындағы балаларды бірінші сыныпқа қабылдаудың болжамын жасақтаған. Мектеп директоры Ж. Құралбаеваның берген ресми ақпараты бойынша Қарғалы елді-мекеніндегі мектепке қаржыландыру жоспары бойынша барлығы 54 бала болатын екі толық сынып жасақтау жоспарланған, деп хабарлайды Алматы облысының баспасөз қызметі.
«Алайда, №2 Қарғалы арнайы гимназиясының директоры Ж. Құралбаева облыстық білім басқармасымен алдын-ала келіспестен, жоспарланған екі сыныптың орнына жалпы саны 134 баладан тұратын 5 толық сынып оқушыларын қабылдап қойған. Нәтижесінде, 2 қыркүйек күні 80 бала тиісті білімін ала алмай қалды. Осыған байланысты, дарынды балаларға арналған үш тілде білім беретін №2 Қарғалы арнайы гимназиясының директоры Ж. Құралбаева гимназия директоры қызметінен босатылды», — деп хабарлайды Л. Базарқұлова.
Алматы облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, бүгінгі күні гимназияда барлығы 55 бала білім алатын 2 толық сынып жасақталды. Мектепке қабылданбай қалған 79 оқушы өзге мектептерге көшіріліп, осы күнде тиісті білімдерін алуда. Олар: Қарғалыдағы №3 және №4 орта мектептер, Бейсеуов, Әпсеметов, Құтпанбетұлы, Қарсақбаев, Рысқұлов атындағы орта мектептер, сондай-ақ Үмбетәлі және Уәлиханов атындағы орта мектептер.