Астана қ. Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз азаматтарға арналған тегін семинар-тренингтер сериясы басталды. Мұндай кездесулер астаналықтарға кәсіпкерлік ойлауды дамытуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бірінші сабақты психолог Айқын Дүйсембаев өткізді. Оның айтуынша, мұндай шаралар күшті қолдау көрсетеді, жұмыс іздеушілердің одан әрі дамуына жол ашады.
— Ұзақ уақыт бойы жұмыс таба алмағандар терең дағдарысқа түседі, оларға көмек керек. Бұл шара Жұмыспен қамту орталығына жүгінген жұмыссыздардың кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға бағытталған,- дейді Айқын Дүйсембаев.
Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омардың хабарлауынша, тренингтерде адамдарды өз ісін ашуға көндіреді.
— Біз сабақтарға тәжірибе бөлісу үшін кәсіпкерлерді шақыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары өз бизнесіңді қалай бастау керек екендігі, мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтады, — деді Олжас Омар.
Айта кетейік, семинар-тренингтер қалалық Жұмыспен қамту орталығында әр сәрсенбі сайын сағат 16.00 — 17.00 өткізіледі. Алдын ала жазылу телефоны: 95-44-19.