Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қаладағы «Иман» мешітіне келіп, облыс тұрғындарын қасиетті Құрбан Айт мерекесімен құттықтады:
Қымбатты жетісулықтар!
Сіздерді мұсылман халқы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!
Құрбан айт – діни мейрам ғана емес, адамзатты жақсылыққа шақырып, ізгілікке үндейтін, қайырымдылық жасау арқылы жүректерге мейірім ұялататын, құрбандық шалу арқылы ұлы Алланың разылығына бөленетін қасиетті мереке.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ислам – халықты ынтымақ пен бірлікке шақыратын дін», — деп атап өткен болатын.
Құрбан айт халықтың басқа да діни мерекелері сияқты қазақстандықтардың рухани өміріндегі, моральдық-адамгершілік қағидаларын нығайтудағы, қоғамдық – саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды тетікке айналды.
Қасиетті айдағы айтар тілегіміз – Жаратушы иеміз шалған құрбандықтарыңызды қабыл етіп, жасаған әрбір қайырымды істеріңізге сауаптан жазсын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, іргеміз бүтін болып, жарқын болашаққа татулық пен бірлікті ту етіп көтеріп, асқақ армандар мен биік мұраттарға бірге жетейік! Ұлы Дала төсін мекендеген Мәңгілік Елдің ертеңі арайлы болсын!
Осыдан кейін өңір басшысы айт намазына қатысып, соңында құрбандық шалды.