Үстіміздегі жылы Алматы облысы бойынша 32800-ден астам жұмыссыз адам тіркелген болса, осы кезге дейін олардың 22500-ге жуығы немесе 68,4%-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қаныбек Айтжанов айтты.
«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының заңды жалғасы болып табылатын, үш бағытты қамтитын «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» Жетісу жерінде де абыройлы жалғасуда. Аталмыш бағдарлама шеңберінде 2016 жылға Алматы облысына қарастырылған қаржы көлемі 17950,1 млн. теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін бағдарламаның үш бағыты бойынша 6289,0 млн. теңге игерілген.
-Жұмыссыздықтың артында, әрине, адам тағдыры, талай отбасының хал-ахуалы тұр. Біз бағдарламаның екінші бағыты бойынша ауылдық жерлерде жұмыссыздықты болдырмау мәселесімен айналысудамыз. Бұл бағыт бойынша 1457 адамға 5833,0 млн. теңге шағын несие беруге (3 млн. теңгеге дейін — 968 адамға 2903,0 млн. тенге, 6 млн. теңгеге дейін — 489 адамға 2930,0 млн. теңге) және кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 391 адамға 17,8 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Дәл осы күнге дейін 622 адамға 1681,5 млн. теңге шағын несие берілді, — деді Қ.Айтжанов.
Осы орайда айта кетейік, шағын несиеге қол жеткізген тұрғындардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға ынталы.