Ресей астанасы Мәскеуде қала Мэрінің қолдауымен ұйымдастырылған бірінші Мегаполистер олимпиадасы мәресіне жетті. Ғылыми жарысқа 20-ға жуық елдің оқушылары қатысты. Астаналық оқушылар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, алты медаль еншіледі және жалпыкомандалық жүлделі орынға ие болды, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
— Бұл Олимпиада әлемнің ірі қалалары мен елдер астанасын біріктірді. Оған 8 елордалық оқушы қатысты. Жас дарындар жаратылыстану бағытындағы химия, физика, математика және информатика пәндерінен сайысқа түсті. Біз қол жеткізген нәтижелерге қуаныштымыз, балаларды құттықтаймыз, — дейді «Астана дарыны» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Әлия Аяпова.
Жарыс қорытындысы бойынша, қазақ-түрік лицейінің оқушысы Бидайбек Санжар информатикадан алтын медаль олжалады. «Нұр Орда» лицейінің шәкірті Кемел Нұрдәулет физикадан, «Нұр Орда» лицейінің тағы да бір оқушысы Хомар Шыңғыс химиядан, қазақ-түрік лицейінің оқушысы Кұдайбергенов Әлихан математикадан және ҚТЛ оқушысы Омаров Рауан информатикадан күміс медаль алды. Сондай-ақ, ҚТЛ шәкірті Тажибеков Төрехан математикадан қола медаль иеленді.