Астананың айналасындағы жасыл белдеудің құрылысы бірнеше кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кезде оның жалпы ауданы 14 827 га құрайды, соның ішінде 11 502 га ағаш отырғызылған.
— 2009 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келгенде елорданың жасыл белдеуін орманға айналдыру міндетін алға қойды. Сол кезде жасыл белдеуді жасаудың екінші кезеңі басталды. 2012-2016 жж. 1,5 мың га және 3 мың га аудандарда жобаның екі кезегін игердік. 1 млн 846 мың 560 көшет отырғызылды, соның ішінде 56% қылқан жапырақты және 44% жапырақты ағаштар, — деді «Астана Орманы» директоры Маулен Самамбетов.
Келесі жылы жобаның үшінші кезегі қолға алынбақ, ол Астана әуежайының аумағын да қамтиды, екі жылға жалғасатын жұмыстар 429 га ауданда жүргізіледі.
Сонымен қатар, көшеттер егуге 8 мың 500 га бөлінді, осылайша, алдағы уақытта жасыл белдеудің ауданы 30 мың гектарға жуықтайды.
Жасыл белдеу аумағында орналасқан арнайы тәлімбақта қырғауылдар өсіріледі, бүгінде «Астана Орманы» қызметкерлері 650 құс өсірді, жыл сайын жасыл белдеу аумағынан мыңнан астам қырғауыл жіберіледі.
Елорда тұрғындарының демалуына жағдай жасау мақсатында жасыл белдеуде ұзындығы 4127 м велосипед тебуге арналған жол жасалды. Қазіргі кезде Қорғалжын тасжолы мен қараөткел тасжолын байланыстыратын ұзындығы 19127 м қосымша жол салынып жатыр.
Қалада егілетін ағаштар арнайы питомникте өсіріледі. Питомник 1963 жылы құрылған, жалпы ауданы — 349 га, мұнда ағаштың 50 жуық түрі өсіріледі, соның ішінде, шырша, қарағай, терек, жөке, емен және тал бар. Кейбір ағаштарға 20-25 жыл болған, ал биіктігі 10-11 метрге жетеді.
— Бұл питомник елордада отырғызылатын ағаштарға арналған. Біздің сайтымыз бар, адамдардың келіп көшеттер сатып алуына болады. Жыл сайын Астанада 20 мыңға жуық ағаш пен 100-120 жуық тамыры жалаңаш көшет егіледі. Биыл 40 мыңға жуық ағаш отырғызылады, — деді «Астана Көгалдандыру» АҚ өндірістік мәселелер жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісова.
Ағаштардың бір бөлігі салынып жатқан ботаникалық бақ аумағына егіледі. Агрономдар әрбір көшетті күтіп ұстайды. Жақын арада елордамыз әлдеқайда көркейе түспек.