Бұл жоба «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында қолға алынған. Бұл жөнінде Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мәлімдеді.
— Жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін ашуға жәрдемдесетін мектепте кәсіпкерлік негіздерін, соның ішінде бизнес-жоспар, маркетингтік жоспар, даму стратегиясын әзірлеуді, сондай-ақ кәсіпкерлік психологияны меңгеріп шығуды облыстық кәсіпкерлер палатасының тәжірибелі бизнес-тренерлері үйретеді. Мектептің тыңдаушылары 18-29 жас аралығындағы азаматтар бола алады. Оқыту қорытындылары бойынша бизнес-жоспарларын сәтті қорғаған жағдайда, тыңдаушыларға сертификат беріледі, — дейді Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев.
Қызықты жобалар «Идеялар жәрмеңкесі» байқауында таныстырылады. Ал соның ішіндегі үздіктері кейін «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының шеңберіндегі мемлекеттік грантты алуға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Онда кез келген азамат бар білгенін, тәжірибесін, жеткен жетістігін, бастамаларын іске асыруға мүмкіндігі бар.
«Жас кәсіпкер мектебі» жобасы мемлекеттік тілде үстіміздегі жылдың 31 қазанынан бастап 4 қарашаға дейін, ал орыс тілінде 7 қарашадан 11 қарашаға дейін «Даму» КДҚ» АҚ кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында өтеді.
Оқытуға өтініштер осы жылдың 13 қыркүйегінен бастап 28 қазанға дейін Алматы облысының кәсіпкерлер палатасында қабылданады.