Ордабасы ауданындағы Бөржар ауылдық кітапханасы заман талабына сай жаңаша жабдықталып, «Модельді ауылдық кітапханаға» айналып отыр.
Модельді кітапхана – оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсетуді жоғары сатыға көтеретін жаңа кітапхананың стандарты. Оның басты міндеттері – компьютерлік технологияларда енгізудің арқасында электронды ақпараттар қорын қалыптастыру, кітапханалық қорларды дамыту, материалдық – технологиялық базаны нығайту.
Бұл өз кезегінде қазына ордаларының материалдық-техникалық базасы жақсарып, кітап қоры артып, ғаламтор ресурстарына қол жеткізілетін болады. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 модельді кітапхана» жол картасы бойынша үш бірдей – Бөржар, Бадам, Бөген ауылдық кітапханалары модельді кітапхана болып ашылды, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Бөржар модельді ауылдық кітапханасының лента қию салтанатына қатысқан облыстық «Отырар» ғылыми- әмбебап кітапханасының кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Ғ. С. Хакимова арнайы сертификат табыс етсе, Бөржар ауыл округі әкімінің орынбасары Б. Сиқымбай, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы С. Абулдаева кітапсүйер қауымға ізгі тілектерін білдірді. «Кітапхана – білім ордасы» мерекелік іс-шарасына қатысқан бірқатар қонақтар түрлі кітаптар сыйлап, кітапхана қорын толықтырды.