Haileybury Astana мектебінде қазақстандық балалар мен жасөспірімдердің алғашқыKazakhstan Kids Forum 2016 форумы мен көрмесі өтті, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Kazakhstan Kids Forum 2016 Дүниежүзілік суицидке қарсы күрес күніне және Қазақстандағы Отбасы күніне орайластырылды. Форумның басты тақырыптары бақытты бала психологиясы мәселелері, балаларды ерте дамыту әдістемелері, сондай-ақ, жасөспірімдердің дағдарыс кезеңін еңсеру жолдары болды.
Форумның миссиясы балаларды адамгершілікке тәрбиелеу саласындағы озық практикаларды талқылауға, сонымен қатар, ашық диалог пен әмбебап және дәстүрлі құндылықтарды сақтау бойынша пікір алмасу үшін пікірталас алаңымен қамтамасыз ету болып табылады. Форум барысында жасөспірімдер табысқа жеткен құрдастарымен, танымал тұлғалармен, сарапшылармен және ата-аналармен түрлі өзекті тақырыптар бойынша сұқбаттасты.
Форум аясында ЮНИСЕФ-тің балаларды дамытуға арналған бағдарламасы таныстырылды. Ниет білдірген жасөспірімдер Public talk форматындағы бизнес білімнен тренингке қатысты. Олар Қазақстанның танымал жастарымен және басқа да қоғам қайраткерлерімен әңгімелесті.
«Жас дарындарды қолдау бағдарламасы – гранттар, стипендиялар және қорғау мен көтермелеудің басқа да нысандары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында қорлар мен бірлестіктердің өкілдері балалар мен жасөспірімдерді өз ұсыныстарымен таныстырды, ал тұлғааралық қарым-қатынас саласындағы мамандардың тренингтері балалардың жаңа қырларын паш етті.
Форумда ата-аналар балаларды тәрбиелеудің озық технологияларымен, білім және оқыту бағдарламаларымен танысты, балалардың демалысын ұйымдастыру бойынша ақпарат алып, жасөспірімдер кеңістігінің заманауи үрдістері мен тәуекелдерін сөз етті.