Мәскеу үкіметінің ғимаратында қос астананың басшылары Әсет Исекешев пен Сергей Собянин кездесті. Тараптар түрлі салаларда тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ, ресейлік тараптың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуы мәселелерін талқылды.
Сергей Собянин Астананың Мәскеудегі күндерін ұйымдастырғаны үшін Әсет Исекешевке алғыс айтып, оны Қазақстанның елордасының әкімі болып тағайындалуымен құттықтады. Оның атап өтуінше, бүгінде Астана сәтті дамып келеді және әлемнің басқа да ірі қалаларына үлгі болып табылады.
«Мәскеу мен Астана ынтымақтастықтың нәтижесінде айтарлықтай тәжірибе жинады, тиісті келісімге қол қойылды, жұмыс жоспары бар, біз осының барлығын қажеттілігіне қарай түзетіп, орындауға дайынбыз», — деді Сергей Собянин.
Өз кезегінде Әсет Исекешев қонақжайлылығы мен Астана күндерін ұйымдастыруға көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, қалалық шаруашылықты жаңғырту бойынша кең ауқымды жобаларды іске асырып жатқан қаланың даму үрдісін, сондай-ақ, оның мегаполисті дамыту жөніндегі бай тәжірибесі Астана үшін маңызды екендігін жеткізді.
«Астанада тұруға жайлы қала құру үшін жаңа технологиялар енгізілетін ақылды қала жобасы жүзеге асырылып жатыр, біз үшін Мәскеудің тәжірибесін зерделеу маңызды, — деді әкім.
Сонымен қатар, Астана әкімі астық, ет, көкөніс пен жеміс, сондай-ақ, машина жасау өнімдерін жеткізу бойынша Мәскеумен сауда қатынастарын орнатуға дайын екендігін атап өтті. Әсет Исекешевтің айтуынша, түрлі бағыттарда — медицина, қалалық технологиялар, энергетика және смарт шешімдер бойынша тәжірибе алмасу маңызды. Мәскеу басшысы қаладағы интеллектуалды-көлік жүйесінің қызметі, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесі, аула аумақтарын абаттандыру, жәрмеңкелер ұйымдастыру, ақпараттық технологиялар туралы айтып берді.
Кездесу соңында Әсет Исекешев Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне тоқталып, баршаны оны тамашалауға шақырды. Айта кетейік, әлемнің 100-ден астам мемлекеті мен халықаралық ұйымдары ЭКСПО көрмесіне қатысатындарын растады.