Үстіміздегі жылдың сегіз айында өнеркәсіп өнімінің (тауарлар, қызметтер) көлемі 240,2 млрд теңгені құрады, 2015 жылғы қаңтар-тамыздағы деңгейге қарағанда 2016 жылғы қаңтар-тамыздағы өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі — 102,6%.
Қалалық әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің нақты көлемі 2015 жылғы қаңтар-тамыздағы деңгеймен салыстырғанда 2,3%-ға өсті және қолданыстағы бағамен 193,2 млрд теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің өсуі тамақ өнімдерін өндіру, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын жасау, металлургия өнеркәсібі, жиһаз жасау өндірісінде байқалады.
Тамақ өнімдерін өндіруде 2015 жылғы қаңтар-тамыздағы деңгеймен салыстырғанда нан – 6,3%-ға, дәнді және өсімдік дақылдарынан жасалған ұн; олардан майда тартылған ұн қоспалары – 18,5%-ға, өзге де дәнді дақылдардан жасалған жарма, ірі тартылған ұн және түйіршіктер мен өнімдер өндіру 1,6 есеге өсті. Сонымен қатар, шұжық өнімдерін өндіру 18,7%-ға, ірімшік және сүзбе өндіру 28,2%-ға қысқарды.
Машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдарын жасау өндірісінің өсу қарқыны артты: бекітпе бұйымдар – 46,5%-ға, құрама құрылыс металл конструкциялары – 9,9%-ға, алюминийден жасалған есік және терезе блоктарын, есік босағаларын шығару 1,9 есеге өсті.