Кеше Астанадағы Ұлттық музейде М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театр мұражайының «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп жазады Театрдың баспасөз қызметі. Көрме аталмыш теартдың 90 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылып отыр.
Көрменің салтанатты ашылуында Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай: «Әлемгеді музейлердің алғашқы ондығына кіретін осынау мәдениет орынына, М. Әуезов атындағы теартдың келуі үлкен мәртебе» деп атап кетсе, халық әртісі Асанәлі Әшімов: «Театр — тәрбие орны, театр арқылы адам рухани қажеттілігін алады» деп көпшілікті театрға баруға, театр арқылы мәдениетті үйренуге шақырды. Сондай-ақ, театр директоры Ерлан Біләл: «Бүгінгі көрме 3 кезеңге бөлінді. Әр кезеңде театрдың отыз жылдық ғұмыры көрсетілген. Біздің ойымызша, бұл суреттер, портреттер, әртістер киімі мен жеке заттары келушілер үшін көп мәлімет береді деген сенімдеміз» деді.
Шара барысында ҚР Журналистика Академиясының академигі Әлия Бөпежанова мен Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев, Өнер университетінің деканы Сәулебек Асылханұлы өз лебіздерін білдірді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Ұлттық музейде М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театр мұражайының «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрмесі қыркүйек айының 20 мен қазан айының 6 аралығында өтеді.