
2017 жылы мектеп құрылыстарына Ұлттық қордан қосымша 71,7 млрд теңге беру қарастырылған, сонымен қатар мектептердің сейсмикалық тұрғыда нығайтылуына 8,3 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр, деді ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Мәжілістегі үкімет сағатында, деп хабарлайды Baq.kz.
«Мемлекет басшысы 2018 жылға қарай үш ауысымды оқытуды жою, апаттық жағдайдағы мектептердің санын қысқарту және 2020 жылға қарай 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды толығымен мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді. 2015-2016 жылдары 77,3 млрд теңге бөлінді, 2015 жылы – 19,4 млрд теңге, 2016 жылы- 57,9 млрд теңге 96 білім беру нысандарының құрылысы үшін бөлінді. Олардың ішінде — 77 мектеп және 19 балабақша бар», — деді Қ.Бишімбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі күні білім берудің 41 нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде 21 мектепті үш ауысымды оқытуды жою үшін пайдалануға берді, 6 мектеп апаттық жағдайда тұрған мектептерді алмастырды және 14 балабақша ел игілігіне тапсырылды.
«Жылдың соңына дейін қосымша 8 мектеп пен 4 балабақша салынатын болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2017 жылы біз Ұлттық қордан қосымша 71,7 млрд теңге беруді қарастырдық, сондай-ақ мектептерді сейсмикалық нығайтуға 8,3 млрд теңге қарыстырылған», — деді министр.