Өңір басшысы Б.Атамқұлов Мақтарал ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы мақта терімінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Ақ керуен-2016» мерекелік шарасына қатысып, шаруалармен жүздесті. Кездесу барысында олар өнімнің түсімдігі мен сапасын және мақта шаруашылығындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Жерді өңдеудің жаңа әрі тиімді тәсілін қолданудың арқасында Мақтаралдағы 83 мың гектардан астам жерге себілген шитті мақтадан гектарына 19,6 центнерден өнім алынуда. Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 34 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен. Мақтаралдық диқандар биыл 200 мың тонна ақ ұлпа теріп алуды жоспарлап отыр. Биыл шаруалар мақтаның келісін 159 теңгеден өткізуде.
Мақталы аймақта болған облыс әкімі сонымен қатар, сүт өңдеу цехы мен май шығару цехын және мақта шикізатын өңдеу процесімен танысты.