Домой Қоғам Астана Исекешев Астанада көлік жүйесін дамытудың басымдықтары туралы айтып берді

Исекешев Астанада көлік жүйесін дамытудың басымдықтары туралы айтып берді

Исекешев Астанада көлік жүйесін дамытудың басымдықтары туралы айтып берді

Елордада «Астана қаласының көлік кешенінің даму үрдісі» конференциясы барысында көлік жүйесін дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Форумды ұйымдастырған — Халықаралық қоғамдық көлік одағы мен «Астана LRT» ЖШС.

Елорда әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, қаланың мегаполис ретінде қалыптасуы көлік кешенін басқарудың жаңа тетіктерін қажет етеді. Соңғы жылдары қала басшылығы әлемдік тәжірибені зерделей отырып, тиісті бағдарламаларды енгізе бастады.

4c5b8a62087118d0a884e8136d2.jpeg

— Қаламыз елордаға айналғаннан бері халықтың саны үш есеге өсіп, бір миллионнан асты. Көліктер саны да артты. Қаланың көлік жүйесі ұзындығы 950 км құрайтын 952 көшеден тұрады, көліктендіру көрсеткіші қала халқының санынан екі есе жылдам өсіп келеді. Бүгінде Астанада 350 мыңнан артық көлік жүреді, оған сырттан келгендерді қоссақ (транзитт ескере келе), жартымиллионға жетеді. Бұл қала инфрақұрылымына түсетін салмақты арттырады, үлкен кептелістер орын алады, — дейді қала басшысы өз сөзінде.

Әсет Исекешев көлік кешенін дамыту бағдарламасын іске асыру кезінде кешенді тәсілдер қолданылатынын түсіну қажеттілігін атап өтті. Әрбір жоба – жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың құрамдас бөлігі.

Қазіргі кезде қаланың көлік кешенін одан әрі дамыту бағдарламасын өзектендіру қолға алынды, оған қоғамдық көлікті дамыту, жол қозғалысын ұйымдастыру (ITS енгізу), тыйым салу және шектеу қою (мысалы, жүк көліктерінің кіруіне тыйым салу және т.б.) кіреді.

Болашақта қаладағы жол қозғалысы кезінде алдымен жаяу жүргіншілерге, одан кейін велосипедшілер мен қоғамдық көліктерге, ең соңында — жеке көліктерге басымдық беріледі. Бұл әлемдік тәжірибеге сай жасалып отыр.

— Жол желісін дамытуға тоқталсақ, Астанада 25 жол, 6 көпір, 9 жолайырық, 50 жуық инфрақұрылым нысаны салынып, қайта жөнделмек. Қазіргі кезде Үкіметпен аталған жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деді Ә. Исекешев.

Қала басшысы қоғамдық көлік паркін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлді. Қазіргі кезде Астанада 1140 автобус бар, соның ішінде 35% жаңартылды. Қала басшылығы 2017 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 60% жеткізуді жоспарлап отыр, алдағы 5 жылда автобус құрамы толығымен ауыстырылады. Бағдарламада мүмкіндігі шектеулі жандарға баса назар аударылады. Сонымен қатар, мектептерде «School bus» тасымалдау жүйесі енгізілуде, жақын арада заманауи бірыңғай такси қызметі құрылады. 2019 жылға дейін қаланы толығымен зияткерлік көлік жүйесімен қамту көзделген.

Халықаралық қоғамдық көлік одағының бас директоры Алан Флауштың айтуынша, нақ осындай жаңа технологиялар қоғамдық көліктерге әлдеқайда тиімді болуға мүмкіндік береді.

«Астанада күн сайын халықтың 33% ғана қоғамдық көлікпен жүреді. Басқа қалаларда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Астана тұрақты түрде ұлғайып келеді, сіздерге мол мүмкіндіктер қажет, мен алдағы жылы жүзеге асырылатын ЛРТ жобасына қатысатыныма қуаныштымын. Халыққа ұсынатын жүйелеріңіз толық дайын болғанда, қала көліктерге тәуелді болмайды, — деді Алан Флауш.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here