Елбасы «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім беру грантын тағайындау туралы» Жарлыққа өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
***
«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім беру грантын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 13 қаңтардағы № 724 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
- «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім беру грантын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 13 қаңтардағы №724 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау туралы»;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқуын төлеу үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының «Өркен» білім беру гранты тағайындалсын.»
2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқуын төлеу үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлерін бекітсін.»
- Осы Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2016 жылғы 21 қыркүйек № 340