Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен түрік халықтарының өнерпаздарынан құралған халық аспаптар оркестрі талдықорғандықтарға тамаша тарту жасады.
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркіменстан елдерінің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасыр қатар толып отыр. Осы мерейлі мерекеге орай ТҮРКСОЙ ұйымы түрлі халықаралық жобаларды қолға алған. Наурызбен астасқан мерейтой алдымен Түркияның бірнеше қаласында бір мезгілде бастау алып, мұнан кейін оркестр АҚШ-тың Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларында көрермендердің таңдайын қақтырған еді.
Бұдан дейін Бакудың тыңдармандарын тәнті еткен оркестрдің домбыра, балама, сырнай, кавал, қыл-қобыз, саз сырнай, морин-хуур, рубаб, топшур сияқты түрлі аспаптарынан төгілген үніне Талдықорғанның І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына жиналған қауым куә болды.
Құрманғазының «Адай» күйіне, Кененнің әніне көрсетілген ыстық ықыласты айтпағанда, Саха республикасынан келген Юлияна Кривошапкинаның шаң қобызының үніне, қырғыз өнерпаздарының қомызбен төккен туындыларына, түрік, әжірбайжан халық әндеріне, Молдава, Моғолстан, Тыва, Башқұрстан, Өзбекстан өкілдерінің өнеріне, жалпы жиырмаға тарта нөмірдің қай-қайсысына да көрермен тік тұрып қол соқты.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов концерт соңында ТҮРКСОЙ ұйымының хатшысы Дүйсен Қасейіновке, өнер ұжымына осындай ұлағаты мол шараны Жетісудың кіндік қаласынан бастағандарына ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.