Оңтүстік Қазақстан облысында «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс» іс-шарасы аясында «Жасай бер, Қазақстан!» облыстық өнер қызметкерлерінің қайырымдылық концерті өтті.
Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда ұйымдастырылған концерттік шараға қайырымдылық жасау үшін өңіріміздің ардагерлері, кәсіпкерлері мен жомарт азматтары және аудан, қала әкімдіктердің, облыстық басқармалардың өкілдері, денсаулық сақтау мекемелері қатысты.
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойы аясында ұйымдастырылған қайырымдылық шарадан түскен қаржы облысымыздағы тірек қимылы бұзылған балалардың (ДЦП) еміне жұмсалатын болады.
Облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өңірдің күміс көмей әншілері мен мәдениет майталмандары тегін өнер көрсетіп, мерекелік кешке өз үлестерін қосты.
Жалпы бүгінгі қайрымдылық шараға түскен қаржының соммасы 1 млн. 116 мың теңге. Аталған қаржы «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорына аударылып, медициналық көмекті қажет ететін тірек қимылы бұзылған мүмкіндігі шектеулі балалардың еміне жұмсалатын болады.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс көлемінде аталып өткен қайырымдылық іс-шараларының ауқымы кең. Мәселен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан және демеушілер тарапынан өңірдегі Батыр аналар мен көп балалалы аз қамтылған аналар, Ұлы отан соғысының ардагерлері, жалғыз ілікті қарттар, тыл еңбеккерлері, мүгедек балалар, мүгедек азаматтар және аз қамтылған отбасылар сынды 68 мыңға жуық азаматқа жалпы сомасы 31 млн. теңгедей ақша жұмсалған. Оның 70 пайызы қайырымды жандардың есебінен көрсетілген көмек болып табылады.
Ал осы мерзімде Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы 100-ге жуық қайырымдылық іс-шараларын өткізді. Аталған игі шараларда 27 мыңнан астам адамға 84 млн. теңгеге жуық қаржылай және заттай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Ассамблеяның ұйытқы болуымен өңірдегі ауыр науқасқа шалдыққан 6 балаға Алматыда кезектен тыс ем алу үшін 800 мыңға жуық теңгені құрайтын емдік қолдау шаралары көрсетілді.
Мұндай игі шаралар Оңтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін жалғасатын болады.