Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Ордабасы ауданында әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Аналар — шаңырақтың шаттығы» салтанатты шарасы өтті, деп жазады Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімі А. Мамытбеков барша ақ жаулықты аналарды мерекемен құттықтап, бүгінгі қоғамдағы әйелдердің орнына ерекше тоқталды. Саналы ұрпақ қалыптастырудағы ерен еңбектерін атап өтіп, барша аналардың алдында бас иетінін жеткізді. Осылайша, ауданымыздың алтын алқалы және ардагерлер аналарға ақ жаулық жауып, ниеттестігін білдірді.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан нәзікжандылар да сахнаға шақырылып, марапатталды. Қоғамдық шараларда белсенділігімен танылған азаматшаларға аудандық мәслихаттың Алғыс хаты тапсырылды.
Аудандық мәслихаттың депутаты З.Маханова, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы М.Зәйтүнқызы еліміздің Тәуелсіздік алған жылы шаңырақ көтерген отбасыларды мерейлі тойларымен құттықтады. Аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы ретінде Замира Сабекқызы ұстаздар арасындағы 25 жыл отасқан отбасыларын марапаттап, сый-сияпат табыстады.
Мәні де мағынасы да терең шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.