
Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев пен кен өндіру ісінің мамандары «Қызыл ата» кен өндіру орнында болып, ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып қайтты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Тынымсыз жүріп жатқан жұмыстардың барлығын аралап көрген қала басшысы қолға алынған игі іске көңілі толды. Кен барлау жұмыстарының алғашқы нәтижелері көңіл қуантарлық. Өйткені мыс, темір рудалары шығып жатыр. Қазіргі таңда кен орнында бұрғылау жұмыстары жалғасуда.
«Қызыл ата» кен өндіру жұмыстарын қолға алған «Айқараауыл» таукен компаниясы жұмысты тиісті деңгейде жүргізіп отыр. Бүгінгі таңда кен өндіру орнында 25 адам тұрақты жұмыс атқаруда. Қажетті техникалық жабдықтармен және көлік құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта жұмыс көлемі ұлғайып, жұмыспен қамтылатын адамдар саныда артпақ. Қаламызда кен өндіру жұмыстары қайта қолға алынды. Бұл өз кезінде қаланың экономикалық дамуына серпіліс беріп, жұмыссыздар саны төмендейтіні анық.