Талдықорған қаласындағы іргесі сонау 1975 жылы қаланған «Қайнар-АКБ» аккумулятор зауыты үстіміздегі жылдың 24 ақпанында «Идеялар фабрикасы» атты байқау жариялаған болатын. Мақсаты — «BARS», «KAINAR» аккумуляторларының және зауыттың жаңа брендтерін шығаруға мұрындық болу.
Байқау барысында 100-ден астам өтініш түскен, сонымен қатар зауыт мамандары 50-ден астам қатысушыға экскурсия өткізген, деп хабарлайды Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінгі таңда «Қайнар-АКБ» ЖШС бірінші жеңімпазын таңдады, ол – Рауан Спанов. Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жүлдегер жігіт «KAINAR» аккумуляторының жаңартылған дизайнымен таныстырды. Аталмыш байқау жыл аяңына дейін жалғасады. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық та жоқ емес.
«Қайнар-АКБ» аккумулятор зауытының әкімшілік директоры Әлмеш Саркуловтың айтуынша, зауыт басшылығы әрдайым жастарға қолдау көрсетіп отыруды күн тәртібінен түсірген емес. Жергілікті Жетісу мемлекеттік университетінен және ҚазҰУ-нен тәлімгерлер арнайы келіп тәжірибеден өтіп тұратын көрінеді.
— Жылына 3 млн. данаға дейін аккумулятор шығаруға қауқарлы біздің ірі кәсіпорын тұтынушыларға қолжетімді әрі сапалы тауар ұсынуды көздейді. Бүгінгі таңда отандық өнімге Германия, Ресей, Қытай, Молдова, Иран, Моңғолия елдерінен сұраныс көптеп түсуде. Осы орайда айта кетейік, аталған өнімді жасап шығару үшін қажетті шикізаттың 88 пайызы өзіміздің елдікі, — деді Ә.Саркулов.