1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, облыс әкімі Б.Атамқұлов тыл ардагері Нина Лычагинаның отбасына арнайы барып құттықтап, сый-сияпат табыс етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Ардагер апамызға жылы лебізін білдірген өңір басшысы ісi ізеттілік пен үлгiлі өнегеге толы қадiрмендi қариялардың елге сiңiрген ерен еңбектерi ұрпақ санасында мәңгіге сақталатынын айтты.
Нина Лычагина 1927 жылы Воронеж облысы, Грибанов ауданында туылған. Оқуды бітірген соң 1946 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына жолдама алып, мұнда 1946-1960 зоотехник мамандығымен жұмыс істеген. Ал 1974-1986 жылдар ішінде облыстық меминспекциясында ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып қызмет етті.
Қария осы жылдардағы ерен еңбегінің арқасында «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен наградталған. Бүгінде немересінің отбасында тұрады.