Алматы облысы әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Құжатқа сәйкес, жергілікті атқару органдарының желісі бойынша өңірде тұрғын үй салуға Ұлттық қордан 3,6 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 672 пәтерлі 6 үй салынбақ.
Облыс орталығы — Талдықорғанда 562 пәтерлі төрт көп пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Қаскелең қаласында 50 пәтерлі нысанды және Өтеген батыр кентінде 60 пәтерлі тағы бір үйді салу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев айтты.
Бұл баспаналар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына беріледі. Бағасы – 1 шаршы метріне 140 000 теңге. Осылайша, облыстың үш бірдей ірі елдімекенінде қоныстойы өтпек.
«Нұрлы жол» бағдарламасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, салынған кредиттік тұрғын үйлердің кемінде 50%-ы жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандар арасында бөлінуі тиіс. Оның үстіне, олар аталған банктің салымшылары болуы керек.
— Бүгінгі күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 28 мың салымшысы Алматы облысында тұрады. Мемлекеттік бағдарламаның талаптарына сәйкес келмейтін адамдардың коммерциялық нарықтан қолжетімді бағамен тұрғын үй алуына болады. Осы мақсатпен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жекеменшік құрылыс салушылармен ынтымақтастық жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, аталған банктің Алматы облыстық филиалы Қаскелең қаласында орналасқан «Туран-Кент» коттедж қалашығындағы тұрғын үйлерді өткізу жөнінде келісімге қол қойды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары жер телімі бар таунхаустарды 1 шаршы метріне 145 мың теңгеден сатып ала алады,- деді Ғ. Шалғымбаев.