Жыл басынан бері Астана қаласының аумағында 12 629 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 9 534-і шағын бизнес саласында. Биыл Жұмыспен қамту орталығы 10 бос орындар жәрмеңкесін өткізді, олардың нәтижесі бойынша 329 адам жұмысқа орналасты, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Елордада еліміздегі ең төменгі жұмыссыздық деңгейі сақталып отыр — 4,7%.
Жұмыспен қамту орталығына 10 472 адам жүгінді. Көрсетілген қызметтердің нәтижесінде 6 117 адам жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 572 адам жастар практикасына қатысты, 111-і әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді.
Айта кетейік, 381 жас маман жастар практикасынан өтіп, 224 адам немесе 59%-ы жұмысқа орналастырылды. Даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламасы аясында 693 жұмыссыз азамат оқу курсын тәмамдады. Қоғамдық жұмыстарға 1 801 адам жіберілді. Жалпы алғанда, әлеуметтік қолдау шараларымен 8 611 адам немесе жалпы жүгінген адамдардың 82,3%-ы қамтылды.