Алматы облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бөлім басшысы Дидар Атантаевтың айтуынша, түзеу мекемелерінен босаған және сынақтан өту мерзіміне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін жасау мақсатында 2278 адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін жеке бағдарлама әзірленіп, соның ішінде 2169 азаматқа әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілген. Қазіргі таңда жұмысқа орналасқандар саны – 785 адам. Бұл туралы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33 қадамын іске асыру аясында Талдықорған қаласында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашовтың төрағалығымен өткен «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдардың жобаларын талқыланған «дөңгелек үстел» барысында айтылды.
Ішкі істер министрлігі әзірлеген бұл заң жобаларын еліміздің әр аймағында тәуелсіз «сарапшыларды» тарту арқылы және бұқаралық ақпарат құралдарының «Үкімет ашық диалогта» айдарларында талқылау жүріп жатыр.
Талдықорғандағы талқылауға жергілікті атқарушы органдарының, облыстық соттың, прокуратураның, ішкі істер органдарының, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысып, заң жобаларына қатысты ұсыныстары мен ескертулер ортаға салынды.