Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Демирчилу Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңіріміздегі иран этносының өкілдерімен кездесті.
Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-де өткен кездесуде облыстық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Нұрысбек Капар-Пур еліміздегі сындарлы мемлекеттік саясаттың арқасында барлық этностар тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, төл мәдениеті мен тілдерін сақтап, дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын айтып өтті, деп хабарлайды «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.
Өз кезегінде елші екі ел арасындағы достық, мәдени, іскерлік қарым-қатынастың нығайғанына тоқталды. Қазақстанда қоғамдық келісім мен бейбітшіліктің сақталуын, этностардың тең құқының қамтамасыз етілуін үлкен жетістік деп бағалады.