Ағымдағы жылдың 29-30 қыркүйек күндері ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды бастаған бір топ делегация жұмыс сапарымен Австрия Республикасында болып қайтты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Екі күндік іссапарда оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Австрияда өткен «Фельден» форумына қатысып, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, қоршаған орта мен жастар ісі, мәдениет, білім, сонымен бірге, спорт салаларында бірлесе жұмыс істеу аясындағы келісімге қол жеткізді. Жиында Оңтүстік Қазақстан облысының туризм және экономикалық мүмкіндіктері 1000-ға жуық қатысушылардың алдында таныстырылып, делегацияның келу мақсаты түсіндірілді.
«Оңтүстік Қазақстан облысы мен Каринтия жері турасындағы» құжаттамаға сәйкес жасалған келісімдер нәтижесінде, жастар түрлі салаларда тәжірибе алмасуға мүмкіндік алып, қос елдегі бірлескен кәсіпорындардың саны артатын болды.
Еске салайық, оңтүстікқазақстандық делегация осы жылдың тамыз айында Австрия Республикасының Каринтия қаласына жұмыс сапарымен барып, туыстық қатынасты нығайтуда түрлі салалар шеңберінде келісім жасауға уағдаласып қайтқан болатын.