Павлодар облысында көп тілде білім беру бағдарламалары бойынша 101 мектеп жұмыс істейді. Өткен оқу жылы мұндай білім беру мекемелерінің саны 66 болған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, аталмыш бағдарлама аясында өңірдің 52 мектебінде жаратылыстану-математика циклі пәндері мен арнайы курстар (математика, информатика, физика, биология, химия, география) ағылшын тілінде оқытылады. Орыс тілінде оқытатын 57 мектепте бөлек пәндер мен арнайы курстар (Қазақстан тарихы, биология, география) қазақ тілінде, қазақ тіліндегі 11 мектепте (орыс тіліндегі мектеп бағдарламасы бойынша орыс тілі, арнайы курстар: информатика, дүниежүзі тарихы) орыс тілінде оқытылады.
Мұғалімдер Павлодар облысы бойынша «Өрлеу» педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты АҚ филиалының базасында курстан өтеді.
«КАТЕВ» халықаралық білім беру қоры ҚР БҒМ қолдауымен Павлодар қаласының қазақ-түрік лицейлері мен Екібастұз қаласында көп салалы көптілді лицей негізінде информатика, физика, биология, химия пәнінің 208 мұғалімі үшін (16 адамнан 13 топ) ағылшын тілін үйрететін сертификатталған курстар ұйымдастырған.
2016-2019 жылдар аралығында 10-11-сыныптар үшін пән мұғалімдері мен ағылшын тілі мұғалімдерінің дайындығы жүргізіледі. Пәндерді оқыту тілі өзгермейді: қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқу қазақ тілінде, орыс тілді мектептерде орыс тілінде жалғастырылады.