Таулы аймақ — Түлкібаста алманың «апорт» сортын өсіріп жүрген шаруашылықтардың саны артып келеді. Бүгінгі таңда аудан көлемінде апорт алмасын өсіретін алқаптардың көлемі 200 гектарға жетті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Апорт алмасын өсіруді аудандағы «Көктал», «Арша» шаруашылықтары қолға алып, жыл сайын жаңа баулар отырғызуда. Сатылымда сұранысқа ие апорт алмасын егуге басқа да шаруашылықтар қызығушылық танытып отыр. Жалпылай айтқанда, аудандағы ірілі-ұсақты 20 шақты шаруашылық жеңсік жеміс түрін баптаумен айналысуда. Дегенмен, бағбандар, әзірге, өнім алған жоқ. Өйткені, жемістің бұл сұрыпы өнімді 7-8 жылдан соң береді. Ал түлкібастық апорттардың өсіріліп жатқанына 3 жылдан енді асты.
Айта кетейік, жемісі ірі келетін бір алманың салмағы 500-600 грамға дейін жетеді. Ал түсі алқызыл болып келеді. Бұл сорттың жемісі қыркүйек айында піседі, қаңтар ақпан айларына дейін еркін сақтауға болады.
Еске салайық, Түлкібас ауданы кезінде алманың «апорт» сұрыпын өсірумен аты шыққаны белгілі. Өйткені, жемістің бұл сортын өсіру үшін таңдалып алынған жер алқабы теңіз деңгейінен 900 метрден жоғары биіктікте болуы шарт. Ал, Түлкібас ауданы осындай аймақта орналасқан өңір.