Бүгін «Жастар» саябағында Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте Ленин орденінің кавалері, Октябрь Революциясы, Еңбек, Қызыл Ту ордендерінің иегері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Алматы облысының Құрметті азаматы Зылиқа Тамшыбаеваның 80 жылдығына орай еске алу кеші өтті.
Шараның басында Зылиқа Жанболатқызының еңбек жолы туралы фильм көрсетілді.
Мұнан соң Зылиқа апаның еңбексүйгіштік, ерік-жігер, мықты мінез және өмірлік ақыл-парасатын көрсететін театрландырылған көріністі облыстық Б. Римова атындағы драма театр әртістері ұсынды.
Көпшілікті облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев құттықтады:
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасында еңбек адамына ерекше көңіл бөлу, қамқор болу, жан-жақты көмек көрсету, тиісті жағдай жасау қажет екенін атап өткен еді. Зылиха Тамшыбаеваның өмірі мен еңбек жолы жас ұрпаққа жарқын үлгі болып тарихта мәңгі қалады. Өскелең ұрпақ оның өнегелі жолын жалғастырады деп сенеміз. Зылиха апа – еліміздің, Жетісудың мақтанышы, еңбек майданындағы ұлағатты ұстаз, — деді Б. Өнербаев.
Сол сияқты өз сөзінде әкімнің орынбасары мерейтой шеңберінде облыста — Талдықорған қаласында, Көксу және Кербұлақ аудандарында өткен сынып сағаттары, спорттық турнирлер, әртүрлі көрмелер, байқауларды да атап өтті.
Б. Өнербаев алдағы уақытта ақындар мүшәйрасын өткізу, қаланың бір көшесіне, ауыл мектебі мен мәдениет үйіне атын беру, сол сияқты кітап шығарып, қызылша өсіруді үйрететін мамандандырылған орталық ашу жоспарланып отырғанына да тоқталды.
— Тағы да осы мерейлі датамен баршаңызды құттықтамын. Сіздерге зор денсаулық, бақыт, бейбітшілік пен береке тілеймін! –деп сөзін қорытындылады Б. Өнербаев.
Мұнан кейін шара концеттік бағдарламамен жалғасты.
Зылиха Тамшыбаева қант қызылшасынан рекордтық өнім алып, қант қызылшасы саласының дамуына зор үлес қосты. Оның үлгісі, еңбектегі ерлігі еліміздің қызылша өсіруші аймағы мәртебесін белсенді түрде қайтаруға қадам жасап жатқан Жетісу үшін аса маңызды.