Астанада Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай кең ауқымды акция ұйымдастырылды. С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университет базасында өткен шараға әр түрлі ЖОО-дан 200 жуық студент қатысты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
– Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні Қазақстанда алғаш рет аталып өтті. Жастар арасындағы психикалық денсаулық мәселесінің өзектілігін ескере отырып, шараға түрлі курстың студенттері тартылды. Акция аясында бірінші бөлімде студенттермен флешмоб өтеді, содан кейін «Жылы сөздер қалашығы» ұйымдастырылады, студенттер қазірден бастап жақсы сөздер, бір-біріне, жақындарына, туыстарына деген тілектерін жазып жатыр, үшінші бөлімде «Психикалық денсаулықтың әлеуметтік аспектісі» конференциясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жоспар бойынша Психологиялық денсаулық орталығының науқастар жұмыс істейтін шеберханаларына экскурсия жасалады, – деді Астана қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Ақмарал Құманбаева.
Акция денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жж. арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізілді. Шараны Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен және Медициналық психикалық денсаулық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Астана қаласының медициналық психикалық денсаулық орталығында психиатр, психотерапевт, психолог мамандары, балалар мен ересектерге жедел психологиялық көмек көрсетуге арналған екі кабинет жұмыс істейді. Пациенттерді оңалту үшін орталық жанынан емдеу-өндірістік шеберханалар ашылды, меңгерген кәсіби дағдылардың арқасында 22 пациент жұмысқа орналаса алды.
– Емдеу-өндірістік шеберханалар халыққа психоәлеуметтік қызмет көрсету мақсатында 2015 жылдың тамыз айында ашылды. Бір жылдың ішінде біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Еңбек терапиясы, психоәлеуметтік шаралар өткізіледі. Еңбек терапиясы шеңберінде ағаш ұста цехтары, шағын-типография, төрт тігін цехы, театр өнері цехы, сазбен жұмыс істеу цехы, сондай-ақ, көркемсурет қолданбалы өнер мен қолөнер шеберханасы іске қосылды, – деді Астана қаласының медициналық психологиялық денсаулық орталығының психологы Әсем Саттарова.
Қазіргі кезде 18 жастан асқан 100 адам психоәлеуметтік оңалтудан өтіп жатыр. Пациенттердің ата-аналарының бастамасымен «Бақыт» қоғамдық қоры құрылды, ол орталыққа кәсіби нұсқаушылар іздеуге көмектеседі. Сонымен қатар, қор Назарбаев университетінде тренинг-кафе ашуды ұсынды, онда 20 адам жұмыспен қамтылады.
Астанада қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларға көмек көрсетуге арналған тегін сенім телефондары жұмыс істейді. Психологиялық денсаулық орталығына 54-76-03 телефоны бойынша, Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығына 57-11-61 телефоны бойынша хабарласуға болады.