Кеше Панфилов ауданында ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божконың қатысуымен Экономикалық реформалар мен аймақтық даму комитетінің көшпелі отырысы өтті. Алтынкөл темір жол станциясына келген депутаттар жүк тиеу кешенінің, жол-сапар шаруашылығының, локомотив депосының және басқа да инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты. Осы жерде Жаркент – Қорғас агломерациясын дамытудың бас жоспары презентацияланды.
Қазақстан Қала құрылысы одағының басшысы Любовь Нысанбаеваның баяндамасын тыңдағаннан кейін депутаттар Алматы – Қорғас автобанының құрылыс алаңына барды. Жолдың ұзындығы – 304 шақырым, оның 258 шақырымы цемент бетонмен жабылған. Бүгінгі күнге дейін он шақты көпір мен өтпежолдар салынып, жүздеген су жіберетін құбырлар төселген. Автобанға баратын жол биылғы жылдың соңына дейін ашылады деп жоспарланған. Жоба келесі жылы барлық жол инфрақұрылымдарымен бірге аяқталуы тиіс.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» ЕЭА Құрғақ порты ерекше қызығушылық туғызды. Мұнда контейнерлік алаң мен терминалдар жұмыс істейді, темір жол жолдары, электр тарату желілері, сумен қамту жүйелері, тазарту құрылғылары жүргізілген. Компания басшысының сөзіне қарағанда, құрылыс алаңдарындағы жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Биылғы жылы құрғақ порт арқылы 14 мыңнан астам контейнер жөнелтілген. 2020 жылға қарай барлық жұмыстар аяқталған шақта жүк легі 14 млн. тоннаға дейін өсетін болады.
Мұнан соң делегация теміржолшылардың ауылы Нұркентке барды. Болашақта ауылдың орнына 100 мың тұрғыны бар 300 гектардан астам алаңы бар замауи қала дамитын болады. Облыс әкімдігі мен ҚТЖ арасындағы келісім бойынша алдағы уақытта тұрғын аумақты кеңейту, әлеуметтік нысандар мен инженерлік коммуникация салу жұмыстары басталады. Жергілікті мектептің мұғалімдерімен тілдескен депутаттар одан әрі 2013 жылы ҮИИД бағдарламасы бойынша салынған Жаркент крахмал-сірне зауытында болды. Мұнда 20 мың тонна жүгері өңделеді. Өнімнің 26 түрі шығарылып, Орта Азия елдеріне, Қытайға экспортталады.
Депутаттар, сондай-ақ, Басқұншы ауылына барып, селден қорғау құрылыстарын көрді. Жұмыс сапары «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығында жалғасты.
Облыс әкімі А. Баталов мемлекет қолдауының және мемлекеттік бағдарламаның орындалуының нәтижесінде соңғы жылдары Панфилов ауданында дамудың ерекше дүмпуі бар екенін атап өтті. Мұнда құрылыс қарқынды жүргізіліп, ауруханасы, мектебі, балабақшасы бар, электр желілері тартылған, газ құбырлары тартылып жатқан жаңа кенттер пайда болды. Құрғақ порт 300-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыды, ал алдағы уақытта жұмыс орындарының саны 6 мыңға дейін көбейеді. Шағын кәсіпорындар мен мини-зауыттар санын арттыру көзделген.
Іссапарды қорытындылаған Экономикалық реформалар мен аймақтық даму жөніндегі комитеттің төрағасы Нұртай Сабилянов Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасы еліміздің инфрақұрылымдарын дамытуға тың серпін бергенін, сол сияқты кәсіпкерлік бастамашылдықтың дамуына қолайлы жағдай туғызып отырғанын да атап өтті.