Ордабасы ауданындағы Көктөбе ауылының тұрғындары қуанышқа кенелді. Қос кәсіпкер Ж.Өмірзақов пен С.Дәмірқажы демеушілік жасап, Көктөбе ауылына зәулім мешіт тұрғызды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл күнге дейін тұрғындар 1830 жылы қабырғасы қаланған Жүніс әжі атындағы мешіттің қызметін пайдаланып келді. Көктөбелік қария Б.Исақов ескі ғимараттың үш ғасырға куә болғанын айтады. Ауыл тұрғындары жылда өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ғимаратты жарамды күйге келтіріп тұрған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы А.Керімбек жамағатты айтулы күнмен құттықтап, бас муфтидің ізгі тілегін жеткізді. «Дәулеталыұлы Бегалы ата» мешітінің имамы Б.Әшірбай игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс хат табыстады.
Республикаға аты белгілі жас айтыскер-ақын Біржан Байтуов жомарт жандардың сауапты ісін жырмен әрлеп, көпшілікке ұсынды. Аудан әкімінің орынбасары Ә.Сәдірмек, Қажымұқан ауыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Л.Жүсіп көктөбеліктерді құттықтап, мешіт салудың сауабы жөнінде әңгімеледі. Ауыл тұрғындары өз тарапынан демеуші жігіттерге тұлпар мінгізіп, алғысын білдірді.