Бұл туралы бүгін ОҚО аймақтық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз брифингінде мемлекеттік «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы аясында өңіріміздегі «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры Хилола Назарметова мәлімдеді. 2011-2015 жылдар аралығында аталған бағдарлама аясында қаржыұйымы 1003 жобаны 2,1 млрд.теңгеге қаржыландырды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 1,8 млрд. теңгеге 888 жоба; егін шаруашылығы бойынша 106,5 млн.теңгеге 44 жоба; ал әр түрлі қызмет түрлері бойынша 150 млн. теңгеге 71 жоба жүзеге асырылған.
«Биыл аталған бағдарлама бойынша облысымызға 7,0 млрд.теңгеден астам қаражат бөлініп, оның 3,8 млрд.теңгесі «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы таратылды. Ол жерде кәсіпкерлерге ең жоғарғы сома 3,0 млн.теңгеге дейін берілді»,- деді Х.Назарметова.
Айта кетейік, қаражатты алуға ниет білдірген азаматтар ең алдымен «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасының талаптарына сай келу керек. Берілетін несиенің максималды сомасы 6,0 млн.теңге, жылдық сыйақысы 7%, 54 айға дейін беріледі. Ал несие алушыларға қойылатын талаптары ретінде, бизнесті (жобаны) іске асыратын орнының болуы, несие тарихының таза және соңғы 12 ай ішінде төлемі кешіктірілген несиесі болмауы шарт.