Бүгін Оңтүстік Қазақстанда ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтті. Онда аталған комитеттің төрайымы Гүлжан Қарақұсаваның төрағалығымен «бюджетаралық реттеудің негізгі функцияларының бірі ретінде өңірдің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіру және салықтық әлеуетінің өсуін ынталандыру» мәселесі қаралды.
Көшпелі жиынға Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Д.Ерғожин мен ҚР Парламенті Мәжілісінің 12 депутаты және облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Отырысты ашып берген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев көшпелі жиынның маңыздылығына тоқталып, жұмысына сәттілік тіледі.
«Бүгінгі отырыста талқыланатын мәселе өте маңызды, себебі өңіріміздің бюджеті республика бойынша ең үлкен бюджет. Тек соңғы 7 жылда облыс бюджеті 2,5 есеге өсіп 559 млрд. теңгеге жетті. Осыған орай, біздің басты міндет бюджеттен жұмсалған әр теңгенің облыс экономикасына тигізетін әсерінің нәтижелі болуын ұйымдастыру. Себебі, бюджет қаражаты есебінен облыс халқының көптеген әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері шешіледі», — деді аймақ басшысы.
Жиында баяндама жасаған комитет мүшесі Омархан Өксікбаев бюджетаралық қатынастарды ұйымдастыруды жақсарту, сондай-ақ оларды одан әрі жетілдіру бағыттарын дұрыс таңдауды қамтамасыз ету – біздің ортақ жұмысы екенін жеткізді.
«Бюджетаралық қатынастар — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын басқару құралдарының бірі, сондықтан олар өңірдің даму мақсаттарымен және міндеттерімен үйлесімді болуға тиіс. Бюджетаралық қатынастардың қалыптасқан жүйесінде бір нәрсені өзгерту үшін салмақты дәлелдер мен оны өзгерту бойынша ұсыныстар қажет», — деді О.Өксікбаев.
Сонымен қатар, күн тәртібінде облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр сөз алып, өңіріміздегі бюджеттің атқарылу барысы туралы баяндады. Айтуынша, 2014-2016 жылдарға республикалық бюджеттен жалпы 765,7 млрд. теңге, оның ішінде 2014 жылы — 254,7 млрд. теңге, 2015 жылы — 255,2 млрд. теңге, 2016 жылы — 255,8 млрд. теңге көлемінде субвенция бөлінген.
Айта кетейік, бюджетті жоспарлау мен орындау механизмдерін тұрақты жетілдіру нәтижесінде облысымызда Егемендік алған жылдардан бері, 1491 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 14%-дан 83,3%-ға жетті. Сондай-ақ, осы жылдарда облысымызда 444 жаңа мектептер салынып, 117 аппатты мектептердің мәселесі шешілді. Денсаулық сақтау саласында 347 жаңа нысандар пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, облысымызда 8,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, орталықтандырылған сумен қамту 51,9%-дан 71,3%-ға және газбен қамту – 33,1%-дан 57,2%-ға жетті. Ерекше көңіл бөліп айтатын мәселе, өңіріміздің экономикасына бюджет есебінен көрсетілген қолдау нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 11,4%-дан 5,2%-ға төмендеді. Сонымен қатар, мұғалімдердің, денсаулық сақтау және жалпы алғанда барлық бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы көбейді.