Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы елордалықтар назарына ауқымды бағдарламасын ұсынуда. Таңертеңнен бері «Хан шатыр» СОО жанындағы алаңда өңірдің тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. 50 шатырда 300 тоннадан астам өнім сатылуда. Сонымен қатар, демалыс күндері ОҚО тарихымен, мәдениетімен және басты жетістіктерімен танысуға болады.
Ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне Астана әкімі Әсет Исекешев пен ОҚО басшысы Жансейіт Түймебаев та ат басын тіреді.
ҚР Ұлттық музейде «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты көрме ОҚО-ның мәдени бағдарламасының шымылдығын ашты. Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын жазушылар кездесуі және «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты кітап көрмесі өтеді.
Бүгін және ертең сағат 11-ден 17-ге дейін Оқушылар сарайында «Балаларға – базарлық», «Толағай», «Қазақстан барысы», «Қазақстан бренді», «Қошқар ата мен теке», «Момын және қарақшылар», «Мұңлық – Зарлық», «Нәурізек» анимациялық фильмдері көрсетіледі. Бүгін «Жастар» театрында сағат 18-де Ж. Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері С. Досановтың «Тозақ шеңбері» спектаклін сахналайды.
Мәдени бағдарлама ертең де жалғасын табады. Сағат 12-де Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекемеде және Балалар психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесінде «Жүректен жүрекке» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, 16 қазанда Астанада этномәдени бірлестіктердің өкілдерінің қатысуымен «Ет асу» фестивалі және композитор Ш. Қалдаяқовқа ескерткіш орнатуға байланысты белгі қою рәсімі өтеді.
Іс-шаралар легі сағат 18-де Конгресс-холлда «Ән шашуым өзіңе, мерейлі Астанам!» гала-концертімен және «Нұрын шашқан – Оңтүстік» фотокөрмесімен аяқталады.