Дүйсенбі, 2016 жылдың 17-қазаны елорда мектептерінің мыңдаған оқушылары үшін әдеттегі және үйреншікті түрде өтсе, № 54 мектеп-лицейдің бесінші сынып оқушылары үшін бүгінгі күн ерекше күн болды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Олар үшін дене шынықтыру сабағын Данияр Елеусінов пен Юрий Мельниченко өткізді. Оқушылардың айтуынша, 45 минут уақыт байқалмай өтіп кеткен, ал ең бастысы, бұл дәріс олардың жандары мен тәндері үшін пайдалы өтті.
«Бұл мектепке қайта келгеніме қуаныштымын, мен мұнда биыл бірінші қырқүйек күні келгенмін», — деді чемпион журналистерге сұхбат беру барысында. Ол туған білім ордасына қуана келетінін атап көрсетті. Данияр осы мектептің түлегі. Және бүгін ол қонақ емес, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде келіп отыр. Данияр 1996 жылғы Олимпиаданың алтын жүлдегері Юрий Мельниченкомен бірге балалармен алдымен денені ширату жаттығуларын, содан кейін бұлшық еттерді мығым етіп, қозғалыс үйлесімділігін дамытатын жаттығуларды жасады.
«Егер балалар осы жастарында дене шынықтырудың маңызы мен мәнін түсініп, әуестене шұғылданатын болса, денсаулықтары мықты болады. Біз үшін олардың спортшы немесе басқа салада жетістіктерге жететін қарапайым азаматтар болатыны маңызды емес, ең бастысы, табысты адам болғаны. Ал бұл үшін мықты денсаулық қажет», — деді Юрий Мельниченко.
Оқушылар отырып, секіріп жатқанда жоғарғы сынып оқушылары атақты спортшының автографын алып, онымен селфиге түсу үшін сабақтың аяқталғанын тағатсыздана күтті. Астана әкімдігінің және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен ұйымдастырылған «Физкульт-Ура» жобасының арқасында үстіміздегі жылдың сәуірінен бері ондаған мың елордалық мектеп оқушылары Дмитрий Баландин, Гюзель Манюрова, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина, Валерий Тихоненко, Ермахан Ыбрайымов және Жақсылық Үшкемпіров сияқты үлкен спорттың жұлдыздарымен кездесуге мүмкіндік алды. Болашақта ұйымдастырушылар жобаны өзге аймақтарда да өткізіп, Ақтөбе және Қарағанды қалаларының мектеп оқушыларын да қуантуды жоспарлап отыр.