Еліміздің мектептерінде оқушыға діни атрибутты киімдер киюге рұқсат берілмейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді.
Биылғы жылы 4 761 мектепке міндетті мектеп формасы енгізілген болатын. Яғни, мектеп оқушыларының 76%-ы белгіленген мектеп формасын киіп жүр. Бүгінгі таңда мектеп жасындағылардың білім ордасына діни атрибутты киімдермен келуі алаңдаушылық туғызуда.
«Еліміздің мектептерінде оқушыға діни атрибутты киімдер киюге рұқсат берілмейді. Алайда сол үшін оқушыға зекіп ұрсуға, сабаққа қатыстырмауға немесе мектептен шығарып жіберуге ұстаздардың құқы жоқ. Баланың ата-анасы шақырылып, ескерту жасалады», -деді Эльмира Суханбердиева.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің мәліметінше, елімізде діни атрибутты киімдермен келетін оқушылар саны 300-ге жеткен.
Айта кетейік, жыл басында ҚР Білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасына қатысты ережені бекіткен болатын. Мектеп формасы пиджак, жилет, белдемше, шалбар, мерекелік жейдеден тұрады. Қыстың күндері трикотаж жилет, сарафан, водалазка киеді. Ұлдарға да, қыздарға да шалбар киюге рұқсат. Бұл барлық конфессия мен этностардан талап етіледі.