Елімізде үштілді білім беру бағдарламасын жүзеге асыру үшін ҚР Білім және ғылым министрілігі мен Professional Development Centre компаниясы арнайы пилоттық жобаны қолға алды. Алдағы уақытта физики, химия, биология және информатика пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілін жетік меңгеретін болады. Қанатқақты жоба Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Оған 75 ұстаз қатысуда. Ағылшын тілі University of Cambridge әдістемесі негізінде үйретіледі. Бұл туралы аталмыш компанияның департамент директоры Аида Уразаева арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазады Baq.kz.
«Үш тілде білім беру бағдарламасын дамыту аясында химия, физика, биология және информатика пәндерінің мұғалімдеріне ағылшын тілін оқытамыз. Бұл қанатқақты жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірігіп қолға алдық. Ұстаздарға арналған курс 3 қазанда Астана, Алматы Қарағанды қалаларында басталды. Ол 21 желтоқсанда аяқталады. Біз 75 ұстазға ағылшын тілін үйретеміз. Оқу процесінде шетелдің үздік тәжірибелері ескерілген. Мұғалімдер үшін арнайы оқыту әдістемесін жасап шығардық. Сондай-ақ, орталықта ағылшын тілін жетік меңгерген мұғалімдер жұмыс істейді. Олардың халықаралық сертификаттары бар. Біздің компания Cambridge Language Cambridge Language ASSESSMent-пен байланыс орнатқан», — деді ол.
Сонымен қатар, Аида Уразаева мұғалімдер күн сайын 4 сағат ағылшын тілін үйреніп жатқандығын атап өтті. Оның пікірінше, бұл әдіс аз уақыт ішінде ағылшын тілін жетік меңгеруге мүмкіндік береді екен.
Ал ұстаздарға ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген маман Гауһар Кенжина оқыту процесінде шетелдің үздік тәжірибесі ескерілгендігін айтты.
«Мұғалімдер берілген уақыт ішінде ағылшын тілін тиісті дәрежеде меңгеріп шығады. Кейін олар тест тапсырып, University of Cambridge-тің халықаралық сертификатын алады. Бағдарлама 3 модульден тұрады. Яғни, Starter деңгейінен – А1 деңгейіне дейін. Кейін А2 деңгейінен В1 деңгейіне дейін меңгеріп шығады. Мұғалімдер 2,5 айдың ішінде ағылшын тілін түсініп, оқып-жаза алатын деңгейде болады. 4 пәннің мұғалімдері өз сабақтарына қатысты ағылшын тіліндегі терминдерді меңгереді. Біздің мамандар бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілуде. Бүгінгі таңда мұғалімдер курсқа 100% қатысуда», — деді Г. Кенжина.
Арнайы курсқа мұғалімдерді ҚР Білім және ғылым минисртлігі іріктеген екен.
«Ұстаздар бастапқы кезде тест тапсырған жоқ. ҚР Білім және ғылым министрлігі бізге мұғалімдердің тізімін берді. Сол бойынша оқытудамыз. Жалпы 2,5 айдың ішінде курсты 75 ұстаз бітіріп шығады», — деді Professional Development Centre компаниясының қызметкері Анар Елемесова.
Айта кетейік, Елімізде 2019 жылдан бастап үш тілде білім беру жүйесі енгізіледі.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76,79, 86 қадамдары бойынша тек жоғары сыныптарда үш тілде оқытылады. 10-11 сынып оқушылары ағылшын тілінде оқиды. Оларға 4 пән беріледі. Оқушылар екі сабақты таңдап алуға құқылы. Олар – химия, биология, физика, информатика пәндері. Таңдау оқушының болашақ мамандығына байланысты болмақ.