ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған «Қуатты өңір — Қуатты Қазақстан» акциясы аясында елордада Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанында аймақтың ауыл шаруашылық құрылымдары мен өңдеу кәсіпорындары астаналықтарға 740 тонна азық-түлік өнімдерінің 100-ден астам түрін ұсынуда. Оның ішінде ет, ұн, макарон өнімдері, көкөністер және т.б. бар.
Астана қ. әкімінің орынбасары Малика Бектұрова жәрмеңкенің ұйымдастырылуына жоғары баға берді, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Солтүстік Қазақстан облысы әрқашан жәрмеңкелерді жақсы ұйымдастырады. Осы жолы да ұсынылған өнім түрлері өте көп. Біз Мәскеу сияқты ірі қалалардың тәжірибесін зерттеп көрдік. Оларда да қаланың аудандарында тақырыптық жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Біз осы дәстүрді жалғастырып, жәрмеңкелерді тұрақты негізде өткізіп тұрмақпыз», — деді Малика Бектұрова сұхбат беру барысында.
Бидайдың республикалық көлемінің үштен бір бөлігін өндіріп отырған Солтүстік Қазақстан өңірі 100 тонна көлемінде сапалы ұн әкеліп, астаналықтарды қуантты.
Елордада етке сұраныстың әрқашан жоғары екенін ескере отырып, 95 тоннадан астам ет әкелінген. Ал жәрмеңкедегі өнім бағасы нарықтағыдан төмен болды.
Жәрмеңке жексенбі күні де жалғасатын болады.
Солтүстік Қазақстан облысының мәдени бағдарламасы сағат 11-де Ұлттық кітапханада «Солтүстік Есіл өңірі — өрісі биік өлке» атты кітап көрмесінен басталды. Сондай-ақ Бейбітшілік және келісім сарайында «Туған жердің тартылысы» көрмесі ашылды.Келушілер жергілікті суретшілердің «Өңір маржаны» көрме экспозициясын тамашалап, ағашты оюлау, қайың қабығынан және киізден түрлі бұйымдар жасау сияқты қолданбалы өнер түрлерінен шеберлік дәрістеріне қатысты. Мәдени бағдарлама 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында облыстың үздік шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өтетін Гала-концертпен аяқталады.