Домой Қоғам ОҚО ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

0
ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

Елбасы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында  шағын және орта кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуді алдыңғы орынға қойды. «Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет», -делінген Елбасы Жолдауында. Мемлекет басшысы қолдауын жергілікті кәсіпкерлер де жақсы сезінуде, яғни Оңтүстікте бұл сала ауқымын кеңейтіп, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосуда. Дегенмен шағын және орта бизнесте өзекті мәселелер де баршылық.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өңір кәсіпкерлерімен өткізген алғашқы кездесуінде бірқатар мәселелер талқыланып, қатысушылар ой-пікірлерін ортаға салды. Кіріспе сөзінде облыс басшысы басқосудың мақсат-міндеттеріне тоқталды.

«Бұл жерде үлкен басшылар отыр. Мен білемін, хабардармын. Басқарма басшылары, жерге, электрмен қамтуға, тұрғын үй шаруашылығына, тағы басқа да көп салаларға қатысты өте маңызды адамдар. Бұлар сіздерге қызмет етуі тиіс. Осындай алқалы жиында айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, бірден тапсырма береміз. Кез-келгенінің орындалу мерзімі бар. Тапсырма орындалмаса… Мысалы, зауытта станоктар істен шықса, апатты жағдай орын алмай ма? Ауыстыру керек. Бізде де сондай, басқасын қоямыз. Бізге нормальный станок керек. Кез келген адамды жұмыс индикаторы бойынша бағалаймыз. Бізге айырмасы жоқ. Кім екеніңді жұмысыңмен көрсет. Болды. Кейде мұны сөз етуге де ұяламын. Әрбір құрылым жүктелген міндеттемелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс»-деген облыс әкімі индустриалды аймақтарды, зауыт, фабрикаларды аралап шығу барысында барлық жәйтпен танысқанын айтып өтті.

Оңтүстік Қазақстанның ең беделді кәсіпкерлері мен іскер азаматтарын арнайы жолығу үшін шақырғанын жеткізді. Мұндағы мақсат кәсіпкерлермен танысу, пікірлерін есту және басты мәселелерді талқылап шешу екенін мәлім етті.

«Оңтүстік – бір жағымызда Қырғызстан, бір жағымызда Өзбекстан, тоғыз жолдың торабындағы, Жібек жолының үстіндегі, ескі замандардан келе жатқан, үлкен-үлкен ғұламалар, ақындар, жазушылар жасаған тарихи, қасиетті өңір. Руханият, мәдениет, білім жағынан да, экономика, өндіріс, өнеркәсіп жағынан да алдыңғы болуға тисті облыс. Біз соған барлығымыз күш салуымыз керек», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, облыс басшысы Астанада өткен Оңтүстік Қазақстан облысының күндері барысында ойға түйген мәселелермен бөлісті. Келесі жолы елордадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін басқаша өткізу қажеттігін айтқан Ж.Түймебаев  Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке Шымкент сауда-көрме орталығын ашуды ұсынғанын хабарлады. Ұсыныс қолдау тапқан.

«Менің ойым – Алматы мен Астанада Шымкент деп аталатын үлкен сауда, өнеркәсіп үйінің болуы, сол жерде сіздер шығарған тауарлардың тұрақты тұруы. Былайша айтқанда Оңтүстік Қазақстанның халық шаруашылығының жетістіктерін көрсетуге, танытуға және түрлі байланыс жасауға ыңғайлы. Сол жоспарды жүзеге асыру туралы тапсырма бердім», — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс басшысы кәсіпкерлердің пікірлерін ашық айтып, кемшілік болса жасырмауға кеңес берді. Кәсіпкерлердің пікірлерін жинақтап, қажетті шараларды жасау маңызды. Бұл еркін кеңесу, пікір алмасу, есеп-қисаптың қажеті жоқ екенін де ескертті. Мұндайды күтпеді ме, әлде бұрын-соңды бұлай болмаған соң тосындау көрінді ме, әйтеуір жылы-жылы сөздерге жібіп кетті ме, жұрт әкімнің әрбір айтарынан кейін қол шапалақтап отырды.

Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жолдауында кәсіпкерлерге арнап: «Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады», — деген болатын. Сондай-ақ, Елбасы: «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды», — деді Жолдауында. Облыс әкімімен кездесуге келген кәсіпкерлер де Мемлекет басшысы көрсеткен сенім үдесінен шығуға мүдделі. Сондықтан да болар, кәсіпкерлер ортақ істе ойда жүрген мәселелерді жұмыстың бүгінгіден де ширақ, әрі сапалы жүруіне септігін тигізер деген оймен ашық айтты.

Мысалы, «Карлс-Крона» макарон зауытының басшысы Әлихан Ахметов индустриалды аймақтарда кәсіпкерлікке берілетін жерлердің механизмі әлі күнге дейін жетілдірілмегенін жеткізді. Кәсіпкер жұмысын бастағаннан кейінгі 12 айдан соң келесі жылдан бастап оған берілген жердің ұзақ мерзімді жалға не жеке меншікке берілетіндігі толықтай шешімін таппаған.

  «Екінші мәселе – кедендік рәсімдеу мерзімі. Біз құрал-жабдықтарды  алудың кедендік баж салығын реттеу үшін Инвестиция комитетіне жүгінеміз. Кеден заңнамасы бойынша бізді 45 күн күтуге мәжбүр етеді. Бірақ, бұл да жеткіліксіз болып, Инвестиция комитетінде 2-3 айға дейін ұзап кетеді. Сөйтеді де сот халықтың қажеттілігін өтейтін құрал-жабдықтарды  тәркілеу туралы шешім шығарады. Дәл осындай мәселемен кореялық инвесторларымыз да, өзіміз де жиі ұшырасамыз. Үшіншіден, индустриалды аймақтарда темір жол тұйықтарын жасау керек» -деген кәсіпкер облыс әкімінен осы темір жол тармақтары жобасын келесі жылдың бюджетіне енгізіп, жүзеге асыруды сұрады.

Төртіншіден, ешкімге құпия емес, Оңтүстік Қазақстан облысында газ бен электр қуаты өте қымбат болғандықтан жобаларын басқа облыстарда, Ақтөбе, Павлодар өңірлерінде жүзеге асырып жатқан оңтүстікқазақстандықтар бар. Бұл енді «Арқа жайлы болса арқар ауып несі бардың?» кері… Сондықтан энергетика туралы өңірлік бағдарлама қажет. Егер осыны реттей алсақ, Ә.Ахметов шетелдіктермен қатар өз кәсіпкерлеріміз де инвестицияларын облыс экономикасын көтеруге жұмсайтынына сенімді.

«Хлопкопром Целлюлоза» ЖШС құрылтайшысы Қайнар Аббасов «Оңтүстік» индустриалды аймағында кәріз жүйесі іске қосылмағандығын алға тартты. Оның айтуынша, аталған аймақта есептің дұрыс жасалмағанынан ба, әлде сапасыз істелінгеннен бе, әйтеуір канализация үлкен проблемаға айналған. Оны реттеудің қаржылық мәселесін шешіп беруді сұрады.

Кентау трансформатор зауыты директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов «Тассай» индустриалды аймағында трансформатор зауытының құрылысы басталғанын жеткізді. Құны 13 миллиард теңгені құрайтын жобаны 2018 жылы іске қосу жоспарланған. Алайда жаңа зауыт, жаңа өндіріс қосымша мамандарды талап етеді. Ілиясовтың айтуынша, жыл сайын мамандар даярлауға ауқымды гранттар бөлінерде кәсіпорындардың сұраныстары ескерілгенімен, сол мамандықты игеруге ұмтылған жастармен байланыс жоқ. Олардың оқуын бітірген соң қайда жұмысқа орналасып жатқанын да ешкім білмейді. Сондықтан жастарды жұмысқа орналастырумен қатар кадр тапшылығын болдырмау үшін талапкер мен кәсіпкер арасын байланыстыру механизмін жасауды ұсынады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әубәкіров мәселе көтеруден гөрі өздерінің атқарып жатқан жұмыстарын, ұйымның құрылымын жан-жақты баяндап кетті. Десек те ол

«Мемлекеттік сатып алулар жүйесі толық шешілмеген. Осы күнге дейін облыс әкімдігімен қанша қоян-қолтық жұмыс жасасақ та мәселе шешімін таппай келеді. Кәсіпкерлер палатасының жан-жақты жүргізген мониторнигі бойынша облыстағы кәсіпкерліктің 33 пайызы ғана мемлекеттік сатып алуларға қатысады. Алайда статистикалық мәліметтерде бұл көрсеткіш – 81,6 пайыз» дей келе облыс бюджетінен жұмасалатын шығындарды азайту мақсатында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын «Атамекен» ұлттық палатасына сенімді басқаруға беруді ұсынды.

Оның ойынша, бұл жүйені оңтайландырады. Осы тұста амалсыз сөзге араласқан облыс әкімі «сіздің қызулыққа салынып жеткізген деректеріңізге сүйенсек, кәсіпкерлікті дамыту бойынша өңірдегі жағдай өте қиын сияқты. Тығырыққа тіреліп тұрғандай. Бір ғана ұсынысыңызды алып қарайық. Бюрократтыққа жол бермей дауысқа салып көрейікші, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының «Атамекенде» болғаны жақсы ма, әлде облыстық әкімдіктің қарамағында ма?» деп еді, жиналған 150 кәсіпкердің 3-4-еуі ғана қол көтерді.

«Міне, мәселе шешілді. Халық қалай қалайды, солай жұмыс жасаймыз. Сондықтан мұндай мәселелерді қызуқандылыққа салынбай-ақ бірлесіп шешуге болады», — деді әкім.

«Амангелді» ЖШС директоры Нұрлан Құралов та кадр тапшылығы мәселесін сөз етті. Ол ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің агрофакультетінде білім алушылардың көбісі қыздар екеніне қынжылыс білдірді.

«Қыздар қалай агроном, зоотехник болады?» дейді. Алаңдауы орынды. Екінші мәселесі реніш екен. Ауыл шаруашылығын дамытуда ғылыммен байланыс жоқ. Ғалымдар бет бұрмайды. Басын бастаса да соңын аяқсыз қалдырып, немқұрайдылық танытуда, дейді кәсіпкер.

Алқалы жиынды қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаға негіздеп облыстың 20-30 жылдық даму бағдарламасын жасауды ұсынды. Жалпы, бюрократизмді болдырмау үшін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмыстарын толық электронды жүйеге көшіру керектігін, кәсіпкер әрбір құжатының нәтижесі үшін мекеме табалдырығын тоздырып, басшыларды күтіп, қарауылдап жүрмеуі тиістігін айтып өтті. «Әрбір индустриалды аймақта кәсіби мамандар даярлайтын ыңғайластырылған колледж ашылуы тиіс. Бұл әлемнің дамыған елдерінің бәрінде бар үрдіс.

  Оңтүстік Қазақстан облысында барлық жағдай жасалған. Мына тұрған көршіміз Өзбекстан былтыр 4,5 миллион тонна бақша өнімдерін, 1,7 миллион тонна жеміс-жидек сатыпты. Бұл біздің де қолымыздан келеді. Оның үстіне біздің рыногымыздың кеңістігі олардікінен әлдеқайда үлкен. Қытай былтыр 200 миллиард долларға ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алыпты. Бізге олардың бір өңірін қамтысақ та жетеді. Мүмкіндігімізді барынша іске қосайық. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Оңтүстікті бірге өркендетейік!», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыс әкімінің айтуынша, өзінің қатысумен сала-сала бойынша кәсіпкерлердің алқалы жиындары өтіп тұрмақ. Келесі кездесу қарашада болады.

Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,

«Рейтинг» газеті №40, 20 қазан 2016 жыл

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here