Көршілес Қытай мемлекетінде аударыспақ спорт түрінен екінші ашық Азия чемпионаты өтті. Он елдің 50 палуаны бақ сынаған бәсекеде оңтүстіктің атынан үш спортшы қатысып, барлығы да алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды оқо әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, қос аударыспақшы Сырым Ізбасаров пен Біржан Қосәлиев 90 келі салмақта жүзден жүйрік шықса, 80 келі салмақта Түймебек Жұмалиевтің жұлдызы жанды. Халықаралық жарыс кезінде, аталған үш чемпионнан бөлек, Жанбатыр Бекмұсаев «үздік төреші» аталымын жеңіп алды.
«Шекарадан аттарымызды алып өту мүмкін болмады. Сол себепті Қытайға барып, жаттығу барысында біздің палуандарға сай келетін жылқыларды таңдап алдық. Дегенмен, жеңіске жете алдық. Бұл біз үшін үлкен жеңіс деп ойлаймын», — дейді ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Ғани Ахметбаев.
Айта кету керек, ұлттық ойындардың арасынан қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі — аударыспақтан Азия чемпионаты екі жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, екі жыл бұрын чемпионат ел ордасы — Астанада өтіп, онда екі спортшымыз чемпион атанса, биыл Аспан асты елінде өтіп отыр. Ал екі жылдан соң, палуандарымыз Моңғолияда белдесетін болады.
Бүгінде жерлестеріміз «Ұлы дала көшпенділері» атты халықаралық жарысқа дайындық үстінде. Бұл турнир қыркүйек айына жоспарланған.