Өрт сөндіруші жұмысының жыл он екі айдағы азабын кентаулық мамандар енді ұмытатын болды. Шағын шаһарда еселі қуаныш. Өрт сөндіру бекеті жаңартылып, қайта ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен №12 өрт сөндіру гарнизоны биыл күрделі жөндеуден өтті. Облыстық бюджеттен 83 млн. теңге бөлініп, қайта жаңғыртылды. Бекеттің салтанатты ашылу рәсіміне арнайы келген ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің бастығы Тұрдалы Кенжеқұлов қызметкерлерге қауіп пен қатерге толы қызметте сәттілік пен амандық тіледі.
Бекет арнайы жылытылатын үй-жаймен қамтамасыз етілген. Онда демалыс және тамақтану бөлмесі, техниканы орналастыруға арналған алаң бар. Автомобиль базасында өрт сөндірумен толық жабдықталған 3 техника тәуліктің қай кезі болсын, жолға шығуға әзір. Қаратау тәжі атанған қалада 95 мыңнан астам адам тұрады. Ендігі жерде №12 өрт сөндіру бекеті Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендер аумағын тілсіз жаудан қорғайды.
Еліміздің тәуелсіздік жылдарында осы күнге дейін барлық салалар дерлік айтарлықтай дамыды. Солардың қатарында осы өрт сөндіру қызметінің алатын орны ерекше. Өйткені талай тілсіз жауды ауыздықтап, адам тағдырына араша болған да осы саланың майталман мамандары. Жаманшылық аулақ болсын әрине. Дегенмен, енді қаланың өрт сөндірушілері қандай қиындыққа болса да сақадай сай.