Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жайдарлы Жас Ұлан» сайысы биыл да өз жалғасын тапты. 22 қазан күні Астанадағы «Қазмедиа» концерт-залында өткен ойында еліміздің барлық аймағынан келген 19 команда өзара бақ сынасты.
Бұл сайысқа Астана, Алматы қалалары және облыстардағы мектепаралық сайыстардың жеңімпаздары және «Маусымашар» фестивалі қорытындысы бойынша телевизиялық жобаларға жолдама алған командалар келіп қатысқан болатын.
Барлығы 20 команда қатысқан ойында алматылық «Тәтті құрама» жеңімпаз атанды. Өздерінің өткір ойлары мен тәтті қалжыңдарымен көпшілікті тәнті еткен алматылықтар бір ауыздан үздік деп танылды.
Ал ІІ орынды қостанайлық «Көшіп келгендер» тобы тобы иеленсе, ақтөбелік «Осал емес» командасы өздерінің осал емесін дәлелдеп жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады.
Жас жеткіншектердің өнерін бағалаған қазылар алқасы құрамында: «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» қоғамдық қорының директоры – Құрманбек Жұмағали, «Жас Ұлан» бірыңғай жасөспірімдер және балалар ұйымының төрағасының орынбасары – Александр Тен, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы –Қасымхан Сенғазыев, ҚР Білім әне ғылым министрлігі Жастар саясаты департаменті директорының орынбасары – Ернат Мұхамадиев және ардагер жайдарманшы – Алдан Жылгелді секілді танымал тұлғалар болды.
Айта кетейік, «Жайдарлы Жас Ұлан» республикалық сайысы «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі ҚР Білім және ғылым министрлігі және республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар және жасөсіпірімдер ұйымымен үшжақты меморандум негізінде өткізіліп келеді.