Домой Қоғам Алматы Орталық Азия мемлекеттерінің театр саңлақтары Жетісу жерінде

Орталық Азия мемлекеттерінің театр саңлақтары Жетісу жерінде

Орталық Азия мемлекеттерінің театр саңлақтары  Жетісу жерінде

5426Театрсыз ұлтты, мемлекетті мәдениетті және өркениетті ел деп айту әсте қиын. Театр өте асыл, бекзат өнер. Ол адамды өмірдің мәнін ұғынуға шақырады, ақыл-парасатқа үндейді. Бүгін Орталық Азия мемлекеттерінің театр саңлақтары Алматы облысына келді. Сөйтіп Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Орталық Азия мемлекеттерінің VІ халықаралық театр фестивалі Жетісу жерінде салтанатты түрде шымылдығын ашты, деп хабарлайды Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Айтулы фестивальдің белгілі актер, режиссер, Қазақстанның, КСРО-ның халық әртісі Асанәлі Әшімов төрағалық ететін қазылар алқасының мүшелері журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, рухани өнер жайында пікір алмасып, мақсат-мүдделерін ортаға салды.

Бірнеше күн қатарынан Алматы облысының төрінде салтанат құратын халықаралық деңгейдегі өнер бәйгесінде Т.Слободзянектің «Однокласники. Уроки жизни» спектаклі, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» мен «Сабаншының жолы»,  Б.Римованың «Қос мұңлығы», А.Чеховтың «Шие» қойылымы, Б.Собир өлеңінің желісі бойынша «Ночь вдалеке от Родины» және У.Шекспирдің «Асауға тұсау» спектакльдері көрермен назарына ұсынылады. Ал, өнерлерін ортаға салатын ұжымдар — Байтен Омаровтың Алматы «Жас сахна» театры, Астана қаласының жастар театры; Т.Миннуллин атындағы Нижнекамск татар мемлекеттік драма театры; М.Вохидов атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театры; Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры; Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры және жергілікті һәм іргелі Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры.

Айта кетейік, қазылар алқасының құрамында прозаик, аудармашы,  драматург, Тәжікстан көркемөнер академиясының академигі Абдугаффор Абдужабборов,  театр сыншысы, Д.Сиразиев атындағы театр сыйлығының лауреаты, халықаралық, бүкілресейлік театр фестивальдері сыншылар алқасының мүшесі Нияз Игламов, театр сыншысы, драматург, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қырғыз Республикасы Театр қайраткерлері одағының төрағасы Жаныш Кулманбетов және Әзірбайжан мемлекеттік жас көрермендер театрының бас режиссері, Әзірбайжан мемлекеттік мәдениет және өнер университеті «Драма театрының режиссурасы» кафедрасының меңгерушісі, доцент, Әзірбайжанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Бахрам Осмонов бар.

Сонымен, театр ұжымдарына ақ жол дейміз!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here